NU Impact Foundation Басқарма төрағасы Саят Нюсупов бастаған NU Impact Foundation командасы жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған ірі платформалардың бірі — Qianhai Shenzhen–Hong Kong Youth Innovation and Entrepreneur Hub (Ehub) орталығына барды. Сапардың негізгі мақсаты — NU студенттері, зерттеушілері мен стартаптары үшін идеядан бастап индустриялық прототип әзірлеуге, өндіріске және жаһандық нарыққа шығуға дейінгі толық тізбекті қалыптастыру мүмкіндіктерін зерделеу.
Сапар барысында команда Ehub фаундерлерімен, менторларымен және орталықтың жұмысын ұйымдастыратын мамандарымен танысты. Олар технологиялық жобаны идеядан сериялық өндіріске дейін жеткізу үдерісін күнделікті жүзеге асырады. Әсіресе дизайннан бастап индустриялық прототип әзірлеуге, одан әрі жаппай өндіріске шығаруға дейінгі үдерістің қалай ұйымдастырылғанын көру маңызды болды.


«Біз NU-дың инновациялық экожүйесін жүйелі түрде дамытып келеміз. Біздің мақсатымыз — студенттер мен зерттеушілерге перспективалы технологиялық шешімдер жасап қана қоймай, оларды халықаралық нарықта сұранысқа ие өнімге айналдыруға мүмкіндік беру. Шэньчжэнь бізге индустриялық прототиптеу, өндіріс және халықаралық ауқымға шығу бағыттарында жаңа мүмкіндіктер ашады. Алдағы міндетіміз — осы мүмкіндіктерді стартаптарды қолдаудың қолданыстағы жүйесіне енгізіп, қазақстандық технологиялардың жаһандық деңгейге шығуына жағдай жасау», — деді NU Impact Foundation Басқарма төрағасы Саят Нюсупов.
Қордың инновациялық экожүйесінде стартаптарды идеядан бастап халықаралық нарыққа шығуға дейін қолдайтын жүйе қалыптасқан. Оның нәтижесін осы жолдан өткен ондаған команданың жетістігінен көруге болады. Инкубациялық бағдарламалар бастапқы идеяны жұмыс істейтін өнімге айналдыруға көмектессе, акселерация бағдарламалары дайын өнімі мен алғашқы клиенттері бар жобалардың қарқынды дамуына мүмкіндік береді. Ал халықаралық акселераторлармен, соның ішінде StartX және MassChallenge секілді жетекші бағдарламалармен серіктестік стартаптарға жаһандық нарықтарға шығуға жол ашады.
Бұл экожүйенің маңызды инфрақұрылымдық элементтерінің бірі — қазір салынып жатқан NU Science & Technology Park. Технопарк стартаптарды, зерттеушілерді, инвесторлар мен индустриялық серіктестерді бір ортаға біріктіріп, инновациялар мен технологияларды коммерцияландыруды дамытуға арналған бірыңғай алаңға айналады.
Сондықтан Ehub-ке жасалған сапар — кездейсоқ таңдалған бағыт емес, қалыптасқан экожүйенің логикалық жалғасы. Бүгінде Қорда идеядан дайын жобаға дейінгі қолдау тетіктері жұмыс істейді. Келесі міндет — үздік жобаларды жай ғана нарыққа шығару емес, олардың жаһандық деңгейге дейін өсуіне мүмкіндік беру.
Университеттің әлеуетін SITF секілді экожүйе операторларының және Ehub сияқты өндірістік хабтардың мүмкіндіктерімен байланыстыру осы жолдың маңызды бөлігін толықтыруға мүмкіндік береді. Яғни прототиптен дайын өнімге дейінгі кезеңді жүйелі түрде ұйымдастыру — технологиялық жобалардың өндіріс пен нарыққа шығу жолындағы маңызды қадам.
Ehub-ке сапар прототиптен өндіріске дейінгі жолды жүйелі түрде қалыптастыруға болатынын тағы бір мәрте көрсетті. Алда пилоттық жобаларды іске қосу, жаңа серіктестіктер орнату және бұл мүмкіндіктерді NU студенттері мен зерттеушілеріне қолжетімді ету бағытындағы жұмыс тұр.


