7–8 қарашада Nazarbayev University-де Data Challenge 2026 хакатоны өтті. Деректерді талдауға арналған 24 сағаттық жарыста жас IT мамандары білімдерін іс жүзінде қолданып, идеяларын нақты технологиялық шешімдерге айналдырды. Хакатонды NU Data Science Club ұйымдастырды. Іс-шара NU Impact Foundation қолдауымен өтті. Демеуші ретінде Freedom Bank қатысты.
«Freedom Bank пен NU Impact Foundation арасындағы мұндай серіктестік өте қажет. Бизнестің алдында әрдайым шешуді қажет ететін міндеттер тұрады. Оларға тың идеялар мен жаңа көзқарастарды тартудың пайдасы зор. Технологиялық серіктестік те осыдан қалыптасады. Біз жас мамандардың жаңа идеялар ұсынуына қолдау көрсетеміз, ал бизнес тың көзқарас пен жаңа шешімдер алады», — деді Freedom Bank бизнес-аналитика бөлімінің маманы Алексей Зайцев.
Жарысқа 192 команда құрамында 565 адам қатысты. Олар бір тәулік бойы Freedom Bank ұсынған нақты бизнес-міндеттің шешімін іздеді. Деректерді талдау, машиналық оқыту және жасанды интеллект әдістерін пайдаланып, түрлі гипотезаларды тексерді, модельдер құрастырды. Алынған нәтижелерді бизнеске қажет практикалық шешімдерге айналдыруға тырысты.



8 қарашада хакатон қорытындысы шығарылды. 177 команда өз шешімдерін ұсынды. Сарапшылардың бағалауынан кейін 52 команда финалдық питчингке жолдама алды. Қатысушылар қазылар алқасына таңдаған тәсілдерін түсіндіріп, жұмыс нәтижелерін таныстырды және сарапшылардың сұрақтарына жауап берді.
«Data Challenge-ге дайындықты бастағанда оған қанша адам қызығушылық танытатынын нақты білмедік. Нәтижесінде 565 адам қатысып, 177 команда өз жұмысын соңына дейін жеткізді. Бұл біз үшін жастардың деректерді талдау мен жасанды интеллектке деген қызығушылығының айқын көрсеткіші. Идеямызға сенім артып, қолдау көрсетіп, жобамыздың ауқымын кеңейтуге көмектескен NU Impact Foundation қорына алғысымыз шексіз. Freedom Bank-ке де ерекше алғыс айтамыз. Банктің нақты бизнес-міндет ұсынып, студенттерге индустрияға қажет шешімдерді әзірлеп көруге мүмкіндік беруі біздің клуб үшін өте маңызды», — деді Data Science Club президенті Амина Байзак.
Data Challenge 2026 жеңімпаздары:
1-орын — gtbsbe
2-орын — DepaTeam
3-орын — yaTebyaMognu
Data Challenge 2026 қатысушылар үшін тек жарыс емес, тәжірибе алмасып, жаңа байланыстар орнатуға және технология саласында қажет дағдыларды дамытуға мүмкіндік берген алаң болды. Хакатон студенттер қауымдастығы, университет, Қор мен бизнес арасындағы серіктестіктің жас мамандарға қандай мүмкіндіктер ашатынын көрсетті. Екі күн ішінде қатысушылар тапсырмамен танысып, өз шешімдерін әзірледі және оларды сарапшылар алдында қорғады. Бұл жастарға университет қабырғасында алған білімін тәжірибеде сынап, кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік берді.
Data Challenge 2026 осы күзде NU Impact Foundation қолдауымен NU-де өткен деректерді талдау бағытындағы екінші ірі хакатон болды. Қазан айында ұйымдастырылған Datathon’26 жарысына 1 200-ден астам адам тіркелген еді. Мұндай іс-шаралар Data Science және жасанды интеллект саласындағы қауымдастықты дамытуға, білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға, Қазақстандағы жас IT мамандарының әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.


