4–6 қараша аралығында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында әлемнің түкпір-түкпірінен технологиялық компаниялар, кәсіпкерлер мен венчурлық инвесторлар жиналған Startup World Cup 2026 халықаралық стартап чемпионатының жаһандық финалы өтті. Қазақстан атынан Mirai Tech командасы өнер көрсетті. Команданың чемпионатқа қатысуына NU Impact Foundation экожүйесіндегі Sustainable Innovation and Technology Foundation (SITF) және Jas Ventures Limited қолдау көрсетті.
Startup World Cup 2026 чемпионаты бірнеше кезеңнен тұрды. Екі күнге созылған жартылай финалға әлемнің әр түкпірінен 200-ге жуық стартап қатысты. Іріктеу нәтижесінде он команда гранд-финалға өтті, ал 80 стартап ірі венчурлық инвесторлар алдында өз жобаларын таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі – қазақстандық Mirai Tech.


Стартаптың негізін қалаушы, NU профессоры Гүлнұр Қалимулдина команда әзірлеген спортшыларға арналған ақылды ұлтарақты таныстырды. Құрылғы спортшының қозғалысын және табанға түсетін жүктеменің таралуын талдауға арналған. Бұл спорттық көрсеткіштерді бағалауға және жарақаттанудың алдын алуға көмектеседі.
Mirai Tech – университеттегі ғылыми зерттеулер негізінде құрылған инновациялық стартаптардың бірі. Startup World Cup чемпионатына қатысу командаға өз әзірлемесін халықаралық инвесторларға таныстыруға, сарапшылардың пікірін білуге және кәсіби байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік берді.
NU Impact Foundation ғылыми стартаптардың дамуына және университетте жасалған әзірлемелердің коммерциялануына қолдау көрсетеді. Қор перспективалы жобалардың дамып, халықаралық нарықтарға шығуына мүмкіндік жасауға бағытталған. Mirai Tech командасының Сан-Францискодағы өнер көрсетуі Қазақстанда жасалған ғылыми әзірлемелердің әлемдік деңгейде таныстырылып, халықаралық нарыққа шығуға әлеуеті бар екенін көрсетеді.


