Nazarbayev University-дің NU iGEM командасы колоректальды обырды ерте анықтаудың инвазивті емес әдісін әзірлеуге бағытталған LUMEN жобасын ұсынып, iGEM Grand Jamboree 2026 халықаралық байқауында алтын медаль иеленді. Парижде өткен байқаудың финалдық кезеңіне команданың жеті студенті NU Impact Foundation, демеуші компаниялар мен ғылыми серіктестердің қолдауымен қатысты.
2026 жылғы 13–16 қараша аралығында Францияның Париж қаласындағы Paris Expo Porte de Versailles көрме орталығында синтетикалық биология саласындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың бірі — iGEM Grand Jamboree өтті. Биыл әлемнің түкпір-түкпірінен келген 463 студенттік команда өз жобаларын ғалымдарға, биотехнология саласының өкілдеріне және халықаралық сарапшыларға таныстырды.



LUMEN: колоректальды обырды ерте анықтаудың жаңа тәсілі
LUMEN жобасы колоректальды обырды (КО) скринингтен өткізудің қолжетімді әрі инвазивті емес әдісін әзірлеуге бағытталған. Команда күрделі инвазивті тексерулердің орнына зәр үлгісі арқылы аурудың екі биомаркерін — путресцин мен N1,N12-диацетилсперминді (DAS) анықтауды ұсынады.
Шешім үш технологиялық компоненттен тұрады:
DAScovery — биосенсор. Генетикалық түрлендірілген Escherichia coli бактериясы зәр үлгісіндегі колоректальды обырдың екі биомаркерін анықтап, флуоресцентті сигнал шығарады. Сигналдың қарқындылығы маркерлердің концентрациясын бағалауға мүмкіндік береді. DAS маркерін анықтау үшін Debaryomyces hansenii ашытқысынан алынған диацетилсперминоксидаза ферменті қолданылады. Ол сутегі асқын тотығын түзеді, ал бұл өз кезегінде OxyR реттеушісін белсендіреді. Нәтижесінде флуоресцентті сигнал іске қосылады.
G-lighten — смартфонға арналған құрылғы. Бұл портативті құрылғы жедел талдау жүргізуге арналған. Бактериялар мен зәр үлгісі бір реттік картриджге салынып, 3D-принтерде жасалған құрылғы корпусына орналастырылады. Толқын ұзындығы 470 нм болатын жарықдиод флуоресценцияны белсендіреді, ал смартфон камерасы сигналды тіркейді. Кіріктірілген эталон әртүрлі смартфон модельдеріндегі нәтижелерді салыстыруға және қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді.
ColoRisk — жасанды интеллект платформасы. Платформа колоноскопия жазбаларын талдап, полиптерді анықтайды, ықтимал қауіп деңгейін бағалайды және оларды гистологиялық түрлері бойынша жіктейді: гиперпластикалық, аденоматозды және тісті полиптер. Талдау нәтижелері дәрігерге PDF есебі түрінде ұсынылады. Модель HyperKvasir, PolypDB, ETIS-Larib, PolypGen, Depeca және KUMC сияқты ашық деректер базаларындағы 10 000-нан астам эндоскопиялық кескін негізінде оқытылған.
Команданың пікірінше, қолжетімді әрі арзан скрининг әдістері колоректальды обырды ерте анықтауда маңызды рөл атқара алады. Қазақстанда колоректальды обыр алғаш анықталған онкологиялық аурулар саны бойынша сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.
Ғылым, технология және білім беру
NU iGEM командасы Nazarbayev University-дің 19 студентін біріктіреді. Олар жобаның зертханалық, есептеу және білім беру бағыттары бойынша жұмыс істейді. Париждегі Grand Jamboree байқауына команданың жеті мүшесі қатысты: Алтына Арстангалиева, Амина Акпай, Аяулым Бекенова, Бибинұр Рамазан, Аружан Сабрғалиева, Асылай Нұритдинова және Нұрай Бейсен.
Байқау аясында студенттер LUMEN жобасын халықаралық қазылар алқасына таныстырып, презентация жасады. Сонымен қатар «Кім ғалым бола алады? Ең алдымен білімге мұқтаж балаларға арналған тегін бағдарламаларды қалай жасауға болады?» тақырыбында сахналық баяндама (Live Stage Talk) ұсынды және басқа елдердің iGEM командаларымен тәжірибе алмасты.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі — білім беру және ғылыми ағартушылық қызмет. Команда әлеуметтік осал санаттағы балаларға арналған тегін жазғы білім беру бағдарламасын ұйымдастырды, танымдық комикстер әзірледі және Cornell iGEM командасымен бірлесіп, ғылыми-көпшілік подкастты қазақ және орыс тілдеріне аударуға қатысты.
Жобаның серіктестері мен қолдаушылары
NU iGEM командасының халықаралық байқауға қатысуы NU Impact Foundation қорының қолдауының арқасында мүмкін болды. Қор студенттердің Парижге сапарына қолдау көрсетті.
Сапардың демеушілері:
ADSL
Galamat Group
Almara Petroleum
IDB Engineering
Cotton CZ
Жобаның ғылыми және техникалық жұмыстарына қолдау көрсеткен серіктестер:
Chemexpress
Advena
SkyMax Trade
Arlan Biotech
Zalma Ltd
NU Impact Foundation NU iGEM командасын лайықты жеңісімен құттықтап, студенттердің жобасын халықаралық ғылыми алаңда таныстыруға мүмкіндік берген барлық серіктестерге алғыс білдіреді.
iGEM Grand Jamboree 2026 байқауындағы алтын медаль — ғылым мен инженерлік шешімдерді қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағыттап жүрген жас зерттеушілер еңбегінің нәтижесі.


