NU Impact Foundation қорының Social Startup 2026 бағдарламасы жеңімпаздарының бірі QazEcoRec AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында өткен Research Pitch байқауында екінші орын иеленді. NU түлектері негізін қалаған жоба құрылыс саласына экологиялық балама ұсынып, өнеркәсіптік қалдықтардан жаяужол төсемдерін өндіруге бағытталған.
QazEcoRec жобасының негізін қалаушылар – Сәкен Сандыбай мен Бекарыс Омаров. Жобаның негізінде дәстүрлі құрылыс материалдарына балама жасауға бағытталған ғылыми әзірлеме жатыр. Команда портландцементті қолданбай, металлургиялық қождан жаяужол төсемдерін өндіру үшін геополимерлік технологияны пайдаланады.
Бұл тәсіл өнеркәсіптік қалдықтарды қайта пайдалануға және құрылыс материалдарын өндірудің қоршаған ортаға әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Команданың бағалауынша, технология дәстүрлі цемент негізіндегі материалдармен салыстырғанда CO₂ шығарындыларын 40–60%-ға қысқартуы мүмкін.
2026 жылдың тамыз айында QazEcoRec әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпкерлік жобаларды қолдайтын NU Impact Foundation қорының Social Startup 2026 бағдарламасында жеңіске жеткен төрт жобаның қатарына енді. Команда технологияны одан әрі дамыту үшін 3 млн теңге көлемінде гранттық қолдау алды.
Жоба сондай-ақ ABC және GCIP Kazakhstan бағдарламаларына қатысты. Келесі қадамдардың бірі ретінде әзірленген жаяужол төсемдерін NU кампусы аумағында пилоттық негізде қолдануға дайындық жұмыстары жүргізілді.

AI & Digital Bridge 2026 аясындағы Research Pitch байқауында екінші орын иелену команда үшін кезекті маңызды жетістікке айналып, өз әзірлемесін кеңірек кәсіби аудиторияға таныстыруға мүмкіндік берді.
NU Impact Foundation үшін университеттегі ғылыми зерттеулер негізінде жасалып, практикалық қолданыс табатын жобаларды қолдау ерекше маңызды. QazEcoRec тәжірибесі ғылыми идеяның зертханалық әзірлемеден өзекті экологиялық мәселелерге шешім ұсынатын технологиялық стартапқа дейінгі даму жолын көрсетеді.
QazEcoRec командасын жетістігімен құттықтаймыз!


