Қазақстандық deep-tech стартапы Mirai Tech Кремний алқабында өткен wearable technologies саласындағы халықаралық инновациялар байқауы — WT Innovation World Cup USA 2026-да екінші орын алды.
Mirai Tech технологиясының негізгі идеясы — биомеханикалық талдауды зертханадан тікелей спортшы жаттығатын ортаға: алаңға немесе спорттық жаттығу орнына шығару. Бұл спортшының қозғалысындағы өзгерістерді нақты жағдайларда бақылауға, жүктемені тиімді басқаруға және жарақат алу қаупін арттыратын ықтимал факторларды ертерек анықтауға мүмкіндік береді.
Байқауда Mirai Tech атынан Тамирлан Сейдахметов өнер көрсетті. Ол — NU-дың алғашқы легінің түлегі, Stanford University түлегі, Mirai Tech компаниясының AI & Data Advisor/Head маманы. Бұған дейін Meta және Apple компанияларында Lead Data бағытында қызмет атқарған.
Компанияның халықаралық аренада қазақстандық тамыры бар, әлемдік технологиялық тәжірибеге ие мамандармен таныстырылуы Mirai Tech командасы үшін ерекше маңызды.
«Біз үшін бұл марапат — тек жетістік қана емес, қазақстандық ғылыми әзірлемелердің жаһандық технологиялық өнімдерге айнала алатынын көрсететін маңызды нәтиже. Mirai Tech-тің дамуында NU экожүйесімен қатар инвесторларымыздың, серіктестеріміздің, менторларымыздың және халықаралық қауымдастықтың қолдауы үлкен рөл атқарады.
NU Impact Foundation бізге университеттік әзірлемеден коммерцияландыруға және халықаралық нарыққа шығуға дейінгі жолды өтуге көмектеседі. Ал инвесторлар мен сарапшылардың қолдауы өнімді жылдам дамытуға, технологияны масштабтауға және халықаралық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Deep-tech стартап үшін технологияға сенетін және оның дамуына нақты қолдау көрсететін мықты адамдар мен ұйымдардың экожүйесі қалыптасуы өте маңызды», — деді Mirai Tech негізін қалаушы, NU профессоры Гүлнұр Калимулдина.
Mirai Tech университет қабырғасында жасалған ғылыми әзірлемеден бастау алып, бүгінде халықаралық sports-tech компания ретінде дамып келеді. Команда биомеханикаға қатысты деректерді тек зертханалық жағдайда ғана емес, кәсіби спорт командалары мен спортшылардың күнделікті жаттығу процесінде де қолжетімді етуге бағытталған технологияларды әзірлеуде.
2026 жыл Mirai Tech үшін халықаралық жетістіктерге толы жыл болды. Стартап WIPO Global Awards аясында мойындалып, Кремний алқабындағы StartX экожүйесі арқылы жобасын дамытты, Startup World Cup Kazakhstan 2026 байқауында жеңіске жетіп, Қазақстан атынан Сан-Францискода өтетін жаһандық финалға жолдама алды.
Енді осы жетістіктер қатарына WT Innovation World Cup USA 2026 байқауындағы екінші орын қосылды.
Mirai Tech үшін бұл — қазақстандық ғылыми әзірлемеден жаһандық sports-tech платформаға дейінгі жолдағы кезекті қадам. Сонымен қатар бұл Қазақстанда жасалған технологиялардың халықаралық нарыққа шығып, әлемдік деңгейдегі бәсекеде өз орнын таба алатынын көрсететін мысалдардың бірі.





