Қазақстанда Social Impact Award Kazakhstan байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті

18 қыркүйекте Астанада Social Impact Award (SIA) халықаралық әлеуметтік жобалар байқауының финалы өтті. Биыл байқауға Қазақстанның әр өңірінен мектеп оқушылары мен студенттерден құралған 15 команда қатысты. Сарапшылар алқасының алдында жобаларын таныстырған командалардың арасынан төрт команда жеңімпаз атанып, жалпы сомасы 3 000 000 теңгені құрайтын жүлде қорын өзара бөлісті. Сонымен қатар олар өз жобаларын Черногорияда өтетін SIA жаһандық саммитінде таныстыру мүмкіндігіне ие болды.

Social Impact Award (SIA) – әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобалары бар жастарды қолдайтын және әлемнің 30 елінде жүзеге асырылатын халықаралық бағдарлама. Оның мақсаты – жастарға әлеуметтік идеяларын қоғамға нақты пайда әкелетін тұрақты жобаға айналдыруға көмектесу. Қазақстанда бағдарламаны NU Impact Foundation және NU Alumni NU экожүйесі аясында жүзеге асырады.

Финалға дейінгі үш ай ішінде қатысушылар идеяларын жай ғана жетілдіріп қойған жоқ – олар гипотезаларын іздеп, тексерді, өнімінің кімге және қаншалықты қажет екенін анықтады, тұрақты бизнес-модель әзірледі және жобаларын көпшілік алдында қорғауға дайындалды. Бағдарлама NU қауымдастығын да біріктірді: қатысушылар Қазақстанның әр өңірінен жиналса, менторлар мен сарапшылар қатарында университет түлектері болды.

«Біз, NU түлектері, өз қауымдастығымыздың аясынан шығып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған талантты жастарды қолдауды жөн көрдік. Оларға идеяларын нақты жобаларға айналдыруға көмектесетін білімге, тәжірибеге және қолдауға қол жеткізу мүмкіндігін бергіміз келді. Түлектердің осы мақсат жолында бірігіп, уақыты мен күшін жаңа буынның дамуына арнап жатқаны қуантады», – деді SIA Kazakhstan ұйымдастырушысы Айгерім Джаналинова.

Байқау қорытындысы

Жобаларды таныстыру нәтижесінде кәсіпкерлік, технология және әлеуметтік сала өкілдерінен құралған 9 адамнан тұратын сарапшылар алқасы төрт жеңімпаз жобаны таңдады:

Banana Patch – банан қабығы негізінде жасалған, қан кетуді жылдам тоқтатуға арналған қолжетімді құрал.
EndoSim – болашақ эндоскоп дәрігерлеріне арналған симулятор.
OnAITynys – демікпесі бар адамдардың тыныс алуын, тамыр соғысын және қандағы оттегі қанығу деңгейін бақылауға арналған құрылғы мен цифрлық платформа.
SnP – квадриплегиясы бар адамдарға компьютерді қолдарын пайдаланбай, дем алу және дем шығару арқылы басқаруға мүмкіндік беретін қолжетімді sip-and-puff ассистивті құрылғысы.

Командалар жалпы сомасы 3 000 000 теңгені құрайтын жүлде қорын өзара бөлісті және өз жобаларын Черногорияда өтетін SIA жаһандық саммитінде таныстыру мүмкіндігіне ие болды.

Бөлісу: