Премьер-министр жақында ашылған Nazarbayev University жанындағы NU Өnergy креативті хабына барды

Бұл Орталық Азиядағы іргелі ғылымды, технологияны, креативті индустрияларды және кәсіпкерлікті біріктіретін алғашқы пәнаралық кеңістік. Хаб жұмысының негізінде science-art бағыты жатыр, ол ғылыми және шығармашылық ортадағы идеяларды нақты экономикаға арналған шешімдерге айналдыруға мүмкіндік береді.

Әлемде мұндай «алтын стандарт» бойынша жұмыс істейтін жобалар көп емес: MIT Media Lab (АҚШ), Aalto Design Factory (Финляндия), Station F (Франция). NU Өnergy осы үлгіні өңірлік контекстке бейімдеп отыр, ал оның басты ерекшелігі — NU-дың академиялық және зерттеу ортасымен терең ықпалдасуы.

Цифрлық медиа мен кинодан бастап биодизайн мен гастрономияға дейінгі алты зертхана көпшілікке қолжетімді. Солардың бірі Sound Lab, мұнда Steinway & Sons компаниясының қатысуымен Cultural Legacy of the Steppe:

Piano жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында заманауи жетекші пианистер орындаған қазақстандық шығармалардың «алтын қор» жазбалары Spirio жаһандық кітапханасына енгізіледі.

BioDesign Lab — биология жобалау құралына айналатын зерттеу алаңы. Мұнда мицелий, бактериялық текстиль және балдырлар, керамика мен өсімдіктер негізіндегі ауа тазарту жүйелерімен жұмыс жүргізіледі.

FoodLab зертханасында Nazarbayev University School of Medicine ғылыми қолдауымен функционалды тағам прототиптері әзірленіп, жергілікті өнімдер дәлелді медицинаға сүйене отырып зерттелуде.
Сонымен қатар Үкімет басшысы жасанды интеллект, білім беру, медицина, биотехнология, ауыл шаруашылығы, спорттық технологиялар және мәдени мұраны сақтау салаларындағы озық ғылыми әзірлемелермен, стартаптармен және жоғары технологиялық жобалармен танысты.

Олардың қатарында Қазақстанның 200-ден астам мектебін қамтып, он елдің нарығына шығып жатқан Artisan Education білім беру платформасы; ақылды ұлтарақтар негізіндегі спортшылардың биомеханикалық талдау жүйесі — Mirai Tech, ол қазірдің өзінде қазақстандық футбол клубтарымен жұмыс істеп, Еуропа мен АҚШ-та пилоттық жобалардан өтуде; сертификаттаудан өтіп, коммерциялық жеткізілімге шыққан A-GEAR медициналық экзоскелеті бар. Агросекторда ТМД-дағы мал азықтандыруды ІІ арқылы бақылаудың алғашқы жүйесі — BunkSense және ІҚМ репродуктивті биотехнологиялар зертханасы таныстырылды

Бөлісу: