Nazarbayev University-дің үш студенті мен түлегі 2026 жылғы 6–17 шілде аралығында Сингапур Ұлттық университетінде (National University of Singapore, NUS) өткен NUS Enterprise Summer Programme in Entrepreneurship 2026 халықаралық кәсіпкерлік бағдарламасын сәтті аяқтады. Бағдарламаға қатысу NU Impact Foundation экожүйесіне кіретін NU STeP бастамасының қолдауымен жүзеге асты.
NUS Enterprise Summer Programme жыл сайын әлемнің әр түкпірінен келген дарынды студенттерді, жас кәсіпкерлер мен зерттеушілерді бір алаңға біріктіреді. Бағдарлама аясында қатысушылар стартаптарды дамытудағы озық тәжірибемен танысып, өз жобаларын жетілдіруге мүмкіндік алды, Сингапур мен Оңтүстік-Шығыс Азияның инновациялық экожүйесін зерттеп, халықаралық технологиялық қауымдастық өкілдерімен тәжірибе алмасты.



Бағдарлама аясында NUS профессорлары мен сала сарапшыларының дәрістері, технологиялық компаниялардың негізін қалаушыларымен кездесулер, бизнес-модельдерді әзірлеу, инвестициялық таныстырылымдар мен қаржыландыру тарту бойынша тәжірибелік сессиялар өтті. Сонымен қатар, түрлі елдерден келген қатысушыларды біріктірген халықаралық кәсіпкерлік хакатон ұйымдастырылды.
NU STeP пен NUS Enterprise арасындағы серіктестік 2024 жылдан бері табысты дамып келеді. Осы уақыт ішінде бұл ынтымақтастық Nazarbayev University студенттері мен түлектерінің халықаралық кәсіпкерлік ортаға шығуына жол ашатын маңызды бастамалардың біріне айналды. 2024 жылы бағдарламаға университеттің екі стартап-командасы қатысты. 2025 жылы NU STeP өкілдері жаңартылған NUS Enterprise орталығының ашылу рәсіміне қатысып, халықаралық инвесторлармен, зерттеушілермен, технологиялық компаниялардың негізін қалаушыларымен және 60-тан астам стартап өкілдерімен кездесті. Ал 2026 жылы өткізілген конкурстық іріктеу нәтижесінде үш қатысушы Nazarbayev University атынан халықаралық бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Биыл Nazarbayev University атынан жасанды интеллект, ғарыштық технологиялар және білім беру технологиялары бағытындағы үш жоба ұсынылды.
Дина Қалибекова Rette (Defect AI) стартапын таныстырды. Жоба Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің талаптары мен ұлттық клиникалық хаттамаларға сәйкестігін тексеруге мүмкіндік беретін медициналық құжаттарды автоматты түрде талдайтын интеллектуалды платформаны әзірлеуде. Nazarbayev University түлегі әрі Rette компаниясының Product Manager-і Дина еңбек жолын тағылымдамадан бастап, бүгінде өнімді дамыту бағытына жауапты маман ретінде компанияның өсуіне үлес қосып келеді. Ол компанияның өнім стратегиясын қалыптастыруға және жобаны масштабтауға елеулі үлес қосты. Командасымен бірге TechCrunch Disrupt 2025 конференциясында жобаны таныстырып, Кремний алқабында (Silicon Valley) тәжірибе жинақтады. 2026 жылы стартап Стэнфорд университетінің StartX акселерациялық бағдарламасына қабылданды. Сонымен қатар, жоба NURIS жүзеге асыратын ABC Incubation және Quick Start бағдарламаларынан өтіп, NU Impact Foundation ұйымдастырған Social Startup 2025 байқауының жеңімпазы атанды.
Жалғасбек Тілеу, Nazarbayev University-дің 4-курс студенті, NU Aspan Rover жобасын таныстырды. Пәнаралық инженерлік команда робототехника, автономды навигация, жасанды интеллект және заманауи инженерлік шешімдерді біріктіре отырып, жаңа буындағы планеталық роверлерді әзірлеуде. Жоба Қазақстан мен Орталық Азияны халықаралық инженерлік жарыстарда таныстырып келеді және студенттерге ғарыштық технологиялар саласында тәжірибелік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Нұрсат Хобдабаев, Nazarbayev University түлегі және WONK білім беру платформасының Head of Product бағытының жетекшісі, EdTech саласындағы шешімдерін ұсынды. Бүгінде платформа 33 мектепте қолданылып, ай сайын шамамен 20 мың белсенді пайдаланушыны қамтиды. Ал WONK Labs өнімі жасанды интеллект мүмкіндіктерін Wonk, Kundelik және BilimClass жүйелерімен біріктіріп, білім беру үдерістерін тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.
NUS Enterprise Summer Programme бағдарламасына қатысу NU өкілдеріне әлемдегі жетекші инновациялық экожүйелердің бірімен танысып, халықаралық тәжірибе алуға, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға, жобаларын жетілдіруге, сарапшылардың бағасы мен кері байланысын алуға, кәсіби байланыстарын кеңейтуге және қазақстандық технологиялық бастамаларды жаһандық деңгейде таныстыруға мүмкіндік берді.
NU Impact Foundation үшін халықаралық серіктестікті дамыту – студенттерге, зерттеушілер мен түлектерге әлемдік деңгейдегі білім, менторлық қолдау және өз жобаларын халықаралық нарыққа шығаруға қажетті мүмкіндіктер ұсынатын экожүйені қалыптастырудың маңызды бағыты. Осындай бастамаларды қолдау арқылы Қор жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялық кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға үлес қосуда.



