Nazarbayev University провосты Рехан Садик пен вице-провост Бьерн Биргиссон белгілі технологиялық кәсіпкер, венчурлық инвестор, Coinbase компаниясының бұрынғы техникалық директоры және халықаралық Network School жобасының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесті. Кездесу NU Impact Foundation, SITF және JAS Ventures ұйымдарының қолдауымен өтті.
Кездесуде білім беру және ғылыми-зерттеу салаларында бірлескен жобаларды іске асыру, халықаралық тәжірибе алмасу, NU студенттері, ғалымдары мен стартап негізін қалаушыларына жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелері талқыланды.
Network School жобасын Баладжи Шринивасан 2024 жылы өзінің The Network State кітабында баяндалған тұжырымдама негізінде құрды. Жоба әлемнің әр түкпірінен инженерлерді, жасанды интеллект әзірлеушілерін, зерттеушілер мен технологиялық кәсіпкерлерді біріктіреді. Мұнда тәжірибеге негізделген білім беру, стартаптарды дамыту бағдарламалары және қатысушылардың бірге тұрып, білім алып, жұмыс істеуіне арналған кампус бір ортада тоғысқан. Жоба «Learn, Burn, and Earn» («Үйрен, шынық, табыс тап») қағидатын ұстанады.
Бүгінде Network School халықаралық қауымдастығына 2 000-нан астам адам кіреді.
2026 жылдың қыркүйегінде Network School Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Alem AI орталығының қолдауымен Астанадағы Astana Hub технопаркінде өз кампусын ресми түрде ашты.
Кампус ашылатын елді анықтау барысында оннан астам мемлекет қарастырылып, таңдау Қазақстанға түсті. Бұл еліміздің шетелдік IT мамандары мен стартап негізін қалаушылар үшін маңызды орталықтардың бірі ретіндегі орнын нығайта түседі.
EXPO аумағында орналасқан Network School кампусының Nazarbayev University-ге жақындығы университеттің ғылыми әлеуеті мен халықаралық технологиялық бизнес тәжірибесін ұштастыруға қолайлы жағдай жасайды.
Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен іс-шаралар өткізуге және студенттердің технологиялық жобаларын қолдауға қызығушылық білдірді.


