NU Impact Foundation командасы NU Steps Challenge 2026 жарысында бірінші орын алды

NU-де он күнге созылған NU Steps Challenge 2026 жарысы өтті. Университеттің 35 бөлімшесінен 112 адам қатысқан сайыста жалпы саны 11 752 260 қадам жасалды.

Жарыста NU Impact Foundation командасы топ жарды! Қор қызметкерлері 589 905 қадам жасап, 35 бөлімше арасында командалық есепте бірінші орын иеленді. Бұл — челлендж барысында жасалған барлық қадамның шамамен 5%-ы.

Жекелей есепте де жоғары нәтижеге қол жеткізілді. Қордың Басқарма төрағасының орынбасары Сансызбай Жолдасбаев 354 511 қадам жасап, жарыстың абсолютті көшбасшысы атанды. Ол екінші орын алған қатысушыдан 60 мыңға жуық қадамға озып шықты. Бұл — күніне орта есеппен 35 мыңға жуық қадам, яғни челленджге қатысушылардың орташа тәуліктік көрсеткішінен шамамен үш есе жоғары нәтиже.

Ал Қордың бас менеджері Гульмира Махамбетова 235 394 қадам жасап, нәтижелері расталған 112 қатысушының арасында 7-орынға ие болды.

Бұл жетістіктердің артында кездейсоқ нәтиже емес, жылдар бойы қалыптасқан дағды жатыр. Сансызбай Жолдасбаев 20 жылдан бері жаяу жүруді күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған. Ал Гульмира Махамбетова спортпен тұрақты түрде айналысып, жүгіруді ұнатады.

Дегенмен челлендждің басты нәтижесі тек рекордтармен өлшенбейді. Бұл бастама NU қауымдастығын көбірек қозғалу, денсаулыққа көңіл бөлу және бір-бірін қолдау идеясы төңірегінде біріктірді. Командалық рух, табандылық пен жаңа жетістіктерге ұмтылыс тек жұмыста ғана емес, одан тыс уақытта да көрініс табады.

Әріптестерімізді лайықты жеңісімен құттықтаймыз!

Бөлісу: