9 мамыр мен 22 қараша аралығында Венецияда әлемдегі ең беделді әрі көне өнер алаңдарының бірі La Biennale di Venezia өтуде. Биыл көрмеге 99 ұлттық павильон қатысып, әрқайсысы өнер арқылы өз елінің мәдениеті, тарихы мен болмысын таныстырады.
Биылғы биенналенің тақырыбы — In Minor Keys. Бұл тұжырымдаманы көрменің ашылуына дейін дүниеден өткен куратор Койо Куо әзірлеген. Тақырып жады, болмыс және басым нарративтердің тасасында қалған дауыстар туралы ой қозғайды. Қазақстан павильоны осы идеямен ерекше үндеседі.


Qoñyr: The Archive of Silence атты ұлттық павильон Museo Storico Navale музейінің алты залында он суретшінің жұмыстарын ұсынады. Қазақстан тарихында алғаш рет барлық қатысушылар ашық конкурс арқылы іріктелді. Бұл еліміздің мәдени кеңістігінің қалыптасып, жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін маңызды қадам.
Қазақстан үшін Венеция биенналесіне қатысу — өз тарихын, мәдениетін және заманауи суретшілердің ұлттық болмысты қалай пайымдайтынын әлемге танытудың мүмкіндігі. Ашық конкурс арқылы жасақталған павильон мәдени экожүйенің жетілуі мен ашықтығының көрінісі болып табылады.
«Қоңыр» сөзі басқа тілдерге дәл аударылмайды. Ол жердің реңкін, дыбыстың үнін және естеліктердің архивтерде емес, адамдардың жадында өмір сүретін ерекше тыныш күйін білдіреді. Халықаралық өнер басылымдары Қазақстан павильонын биылғы биенналедегі ең әсерлі көрмелердің бірі ретінде атап өтуде.
Павильон Ардақ Мұқанованың Qoñyr Äulie: Diving into the Quiet Depths атты цифрлық инсталляциясымен аяқталады. Ардақ Мұқанова — NU Impact Foundation қолдауымен құрылған Өnergy Creative Hub кеңістігіндегі Art & Tech Lab зертханасының жетекшісі.
Инсталляция Абай облысындағы қасиетті Қоңыр Әулие үңгіріне келіп, өз оқиғаларымен бөлісетін әйелдердің естеліктеріне арналған. Ғасырлар бойы зиярат және рухани шипа орны болған бұл кеңістіктің цифрлық көшірмесі LiDAR сканерлеу технологиясы арқылы жасалған. Жоба үңгірдің физикалық кеңістігін бүгінге дейін сол жадыны сақтап жүрген адамдардың дауыстарымен байланыстырады.
«Бұл жоба қасиетті орынға өз тарихын сеніп тапсыратын әйелдерге арналған. Мұндай орындардың қазақ халқы үшін маңызы ерекше», — дейді суретші.
Өnergy Creative Hub Nazarbayev University базасында құрылып, NU Impact Foundation экожүйесінде дамып келеді. Оның мақсаты — өнер, ғылым және технология тоғысындағы батыл идеялардың жүзеге асуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру.
Өnergy зертханаларының бірінің жетекшісі жасаған жұмыс бүгін Венециядағы Қазақстан павильонының қорытынды залында ұсынылып отырғаны біз үшін үлкен мақтаныш әрі шығармашылық пен инновацияның бірге дамуының жарқын нәтижесі.



