NU-да қорғаныс және қауіпсіздік саласына арналған технологиялық шешімдер таныстырылды

NU-да қорғаныс және қауіпсіздік саласына арналған технологиялық шешімдер байқауы — NU STeP & Defense Tech Challenge финалы өтті.

Байқауды Nazarbayev University Science & Technology Park (NU STeP) жанындағы цифрлық прототиптеу зертханасы Fab Lab Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен NU Impact Foundation қолдауымен өткізді.

Биыл байқауға 43 өтінім келіп түсті, олардың ішінен 12 команда финалға жолдама алды. Қатысушылар жасанды интеллект, процестерді автоматтандыру, деректерді талдау, мониторинг және шешім қабылдауды қолдау бағыттарында технологиялық шешімдер әзірледі.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Дәулет Бекманов бастаған Қорғаныс министрлігінің делегациясы байқаудың финалдық жобаларымен қатар, Университет экожүйесінде әзірленген технологиялық әзірлемелермен де танысты.

Көрмеде ISSAI — Institute of Smart Systems and Artificial Intelligence жобалары, Bulan R&D компаниясының ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен борттық талдау саласындағы әзірлемелері, биомеханикаға арналған портативті жасанды интеллект зертханалары мен Mirai Tech компаниясының ақылды сенсорлармен жабдықталған наностелькалары, Artisan Education STEM-платформасы, сондай-ақ автономды ұшуға арналған нейрондық желілер, компьютерлік көру және машиналық оқыту алгоритмдері қолданылған Drone AI ұшқышсыз ұшу аппараты таныстырылды.

Финал қорытындысы бойынша бірінші орынды «Аудиопротокол» жобасын ұсынған Konnekta командасы иеленді. Шешім жұмыс кездесулері, кеңестер мен келіссөздердің аудио және бейнежазбаларын автоматты түрде өңдеп, құрылымдалған стенограмма мен хаттама жасауға арналған. Қазылар алқасы жобаның практикалық бағыттылығын және оны одан әрі қолдану әлеуетін атап өтті. Командаға 500 000 теңге көлемінде бас жүлде табысталды.

Екінші орынды ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары туралы деректерді автоматты түрде жинауға, құрылымдауға, жіктеуге және талдауға арналған интеллектуалды шешім ұсынған QadamX командасы иеленді.

Үшінші орынды түрлі факторлар мен тапсырмаларды орындау жағдайларын ескере отырып, ұшқышсыз ұшу аппараттарының маршруттарын интеллектуалды жоспарлауға арналған шешімімен BULAN командасы иеленді.

Финалдық жобаларды NU STeP, «Қазақстан ГИС орталығы» АҚ, DST ЖШС және Қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы инновацияларды дамыту орталығының өкілдерінен құралған сараптамалық қазылар алқасы бағалады.

NU STeP & Defense Tech Challenge мемлекеттік секторды, технологиялық қауымдастықты, зерттеушілер мен жас әзірлеушілерді қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы қолданбалы міндеттерді шешу жолында біріктірді. Ұсынылған жобалар технологиялар, зерттеулер мен инженерлік шешімдердің дәлдік, автоматтандыру және деректерді тиімді өңдеуді қажет ететін міндеттерді шешуге мүмкіндік беретінін көрсетті.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз және NU STeP & Defense Tech Challenge байқауына қатысқан барлық қатысушыларға, сарапшылар мен серіктестерге алғыс білдіреміз.

Бөлісу: