Nazarbayev University базасында түркітілдес елдердің жас инженерлерінің халықаралық робототехника чемпионаты өтті

V халықаралық Robotek Grand Tournament Astana 2026 робототехника чемпионаты өз мәресіне жетті. Биыл турнир алғаш рет «TurkTime!» президенттік бастамасы аясында ұйымдастырылып, түркітілдес елдердің жас инженерлерін бір алаңға жинады.

Чемпионатқа Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан командалары қатысты.

Биылғы турнир өз тарихындағы ең ауқымды жарыс болды. Оған 9 бен 17 жас аралығындағы шамамен 220 команда қатысты. Оның ішінде 180-нен астамы қазақстандық, ал 40-тан астамы шетелдік командалар болды. Қазақстан атынан елдің 20 өңірінен келген іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары бақ сынады.

Robotek Grand Tournament Astana 2026 Цифрландыру және жасанды интеллект жылының негізгі іс-шараларының бірі болды. Соңғы бес жыл ішінде чемпионат ақпараттық технологиялар мен робототехника саласындағы Қазақстанның ең танымал брендтерінің біріне айналды.

Жарыстар тоғыз бағыт бойынша өткізілді. Барлық ережелер мен форматтар қазақстандық мамандар тарапынан әзірленіп, отандық инженерлік шешімдер мен білім беру тәсілдеріне негізделді.

Чемпионат қорытындысы бойынша әртүрлі санаттарда 30 жеңімпаз бен жүлдегер анықталып, дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар 18 қатысушы арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Олардың қатарында «Үздік өңірлік команда», «Үздік халықаралық команда», «Үздік инженерлік шешім», «Үздік қыздар командасы» және «Үздік командалық рух» аталымдары бар.

Жалпыкомандалық есеп бойынша басты «Ел кубогы» екінші жыл қатарынан Астанада қалды.

Чемпионаттың Nazarbayev University қабырғасында өтуі Қазақстандағы STEM-білім беру мен спорттық робототехниканы дамытудағы маңызды оқиға болды.

Қазақстаннан және басқа елдерден келген жүздеген оқушы инженерия, технология, ғылым және халықаралық ынтымақтастық атмосферасына ену мүмкіндігіне ие болды.

Балалар үшін бұл жай ғана жарыс емес. Бұл – үлкен мотивация, шабыт және өз мүмкіндіктеріне деген сенім. Еліміздің жетекші университеттерінің бірінде өнер көрсетіп, студенттермен, оқытушылармен және халықаралық қатысушылармен араласу арқылы олар өз болашағына жаңаша көзқараспен қарап, STEM және жасанды интеллект салаларында дамуға ұмтылады.

Турнир Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бастамасымен, Астана қаласының әкімдігі, «Астана дарыны» орталығы, Nazarbayev University, NU Impact Foundation және Robotek робототехника мектебінің қолдауымен ұйымдастырылды. 

Бөлісу: