Nazarbayev University зерттеушілері әзірлеген Mirai Tech стартапы WIPO Global Awards 2026 халықаралық сыйлығының «Спорт» номинациясы бойынша үздік үш финалистің қатарына кірді. Бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет отандық стартаптың Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO) ұйымдастыратын беделді халықаралық байқауда осындай жоғары нәтижеге қол жеткізуі.


Биылғы сыйлыққа әлемнің 126 елінен өтінімдер түсті. «Спорт» санатында Mirai Tech Швейцария мен АҚШ жобаларымен бірге үздік үштікке енді.
Стартап кәсіби спортшыларға арналған ақылды ұлтарақ технологиясын әзірледі. Жүйе қозғалыс кезінде аяққа түсетін жүктемені, жүру ерекшеліктерін және шаршау белгілерін үздіксіз бақылап, жарақат қаупін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Жобаның негізін Nazarbayev University-дің ассистент-профессоры Гүлнұр Қалимулдина және Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің зерттеушілер командасы қалаған.
Mirai Tech жобасын NU Impact Foundation оның алғашқы даму кезеңінен бастап қолдап келеді. Стартаптың халықаралық деңгейде мойындалуы Nazarbayev University қабырғасында дүниеге келген ғылыми әзірлемелердің жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті екенін және Қазақстанның инновациялық әлеуетін айқын көрсетеді.



