Nazarbayev University-де әлемдегі ең ірі технологиялық стартап байқауларының бірі — Startup World Cup KAZAKHSTAN 2026 (SWC) байқауының Қазақстандағы аймақтық кезеңі өтті. Финалда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген үздік технологиялық жобалар өз әзірлемелерін таныстырып, қазылар алқасы ел атынан Сан-Францискода өтетін жаһандық финалда өнер көрсететін жеңімпазды анықтады.
Startup World Cup Kazakhstan 2026 аймақтық кезеңінің жеңімпазы — SportTech бағытындағы Mirai Tech жобасы. Енді команда Қазақстан атынан Сан-Францискода өтетін жаһандық финалда өнер көрсетіп, 1 000 000 АҚШ доллары көлеміндегі жүлде үшін бақ сынайды.


Startup World Cup-ты Қазақстанға алғаш рет алып келу — біздің экожүйеміз үшін үлкен жетістік. Бұл — әлемдегі ең ірі стартап чемпионаттарының бірі. Бүгін қазақстандық командалар өз технологияларын тікелей жаһандық венчурлық қауымдастыққа таныстырып, осы деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп отыр. Pegasus Tech Ventures-пен серіктестік бұл мүмкіндіктерге жол ашады: мұнда халықаралық инвесторлармен тікелей байланыс орнатудан бастап, Сан-Францискодағы жаһандық финал сахнасына шығуға дейінгі мүмкіндіктер бар.
Мұның барлығы Nazarbayev University-де өтіп жатқаны да маңызды. Университет — өңірдегі жетекші зерттеу және инновациялық университеттердің бірі. Мұнда мықты ғылым жаңа технологиялар мен компаниялардың негізіне айналады. NU Impact Foundation үшін бұл — университет экожүйесінде пайда болған идеялардың нарыққа шығып, капитал тартып, ауқымын кеңейтіп, нақты экономикалық және қоғамдық құндылық қалыптастыруы», — деді «NU Impact Foundation. Басқарма төрағасы Саят Нюсупов.
Sustainable Innovation and Technology Foundation» қоры Nazarbayev University экожүйесінде қазақстандық стартаптардың мықты негізін қалаушыларына жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған. Венчурлық Pegasus Tech Ventures компаниясы ұйымдастыратын жыл сайынғы Startup World Cup — ондаған елдің стартаптары қатысатын әлемдік байқау ғана емес. Бұл — жетекші венчурлық қорлармен байланыс орнатуға, халықаралық нарықтар мен индустрияларға шығуға, жаңа білім алып, серіктестік орнатуға мүмкіндік беретін алаң.
Біз Қазақстандағы финалистердің көрсеткен деңгейін мақтан тұтамыз және жеңімпазымызға қараша айында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында өтетін жаһандық финалда сәттілік тілейміз. Алдағы уақытта да Кремний алқабындағы жетістіктерімізді жалғастырамыз. Бүгінде біздің 17 стартапымыз Стэнфорд университетінің Кремний алқабындағы №1 өсу акселераторы — StartX қауымдастығына қабылданды, — деді SITF Бас атқарушы директоры Аскар Арынгазин.
Mirai Tech қазірдің өзінде АҚШ пен Еуропа нарықтарына шықты. Финалға өткенімізге қуаныштымыз. Сан-Францискода өтетін жаһандық финалда өз әзірлемемізді таныстырып, Қазақстанның атынан өнер көрсететінімізді мақтан тұтамыз, — деді SWC Kazakhstan жеңімпазы, Mirai Tech жобасының негізін қалаушы Гульнур Калимулдина.


Іс-шараның негізгі нәтижелері мен көрсеткіштері
Ауқымы: Аймақтық кезеңнің финалына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 140-тан астам өтінімнің ішінен іріктелген 10 үздік технологиялық жоба өтті.
Қатысушылар: Іс-шараға 300-ден астам қонақ — инвесторлар, венчурлық қорлардың өкілдері, бизнес-періштелер, IT қауымдастығының мүшелері, NU түлектері мен студенттері қатысты.
Бас жүлде: Жеңімпаз Startup World Cup жаһандық финалына жолдама алып, 1 000 000 АҚШ доллары көлеміндегі жүлде үшін бақ сынайды. Сонымен қатар іс-шара серіктесі, JAS Ventures венчурлық қоры жеңімпазға жаһандық финалға бару шығындарын өтеуге арналған 20 000 АҚШ доллары көлеміндегі арнайы жүлде табыстады.
Startup World Cup Kazakhstan байқауының барлық финалистері Startup World Cup жаһандық финалы өтетін іс-шараға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Олар жаһандық финалда питч жасамайды, алайда АҚШ-тағы жетекші венчурлық қорлар мен ірі корпорациялардың өкілдері қатысатын нетворкинг іс-шарасына қатысып, өз стартаптарын таныстыруға және халықаралық серіктестердің назарын аударуға мүмкіндік алады.


