Nazarbayev University-де Data Science, Machine Learning және жасанды интеллект салаларына арналған 24 сағаттық Datathon’26 хакатоны аяқталды. Іс-шара 17–18 қазан күндері өтіп, Қазақстанның әртүрлі қалалары мен университеттерінен келген студенттер мен жас мамандардың басын қосты. Хакатонды NU студенттерінің Data Science Club клубы ұйымдастырды. Іс-шара NU Impact Foundation қолдауымен өтті, ал ForteBank бас демеушісі болды.
Datathon’26-ға 1 200-ден астам қатысушы тіркеліп, 397 команда құрылды. Хакатон алаңында 275 команданың құрамындағы 830 адам бақ сынады. Қатысушылар 24 сағат бойы деректерді талдау, машиналық оқыту және жасанды интеллект әдістерін қолдана отырып, ForteBank ұсынған нақты бизнес-міндет бойынша жұмыс істеді.
Хакатон 17 қазанда ресми ашылу салтанатымен және ForteBank ұсынған бизнес-кейстің таныстырылымымен басталды. Міндетпен танысқаннан кейін командалар шешімдер әзірлеуге кірісті. Қатысушылардан техникалық дағдыларын көрсетумен қатар, нақты бизнес-процестерде қолданылуы мүмкін тәсілдерді ұсыну талап етілді. 24 сағат ішінде командалар деректерді талдап, гипотезаларды тексеріп, модельдер әзірледі және қойылған міндетті шешудің ең тиімді жолдарын іздеді. Сайыстың маңызды бөлігі нақты практикалық кейспен жұмыс істеу және салалық мамандардан бағалау алу мүмкіндігі болды.
18 қазанда 186 команда өз шешімдерін ұсынды. Сарапшылардың бағалауы нәтижесінде 27 команда финалға өтіп, жобаларын қазылар алқасының алдында қорғады. Питчинг барысында қатысушылар таңдаған тәсілдерін түсіндіріп, жұмыс нәтижелерін таныстырды және сарапшылардың сұрақтарына жауап берді. Бағалау кезінде шешімдердің сапасы, оларды тәжірибеде қолдану мүмкіндігі және ауқымын кеңейту әлеуеті ескерілді.
Datathon’26 бас демеушісі ForteBank қатысушыларға бизнес-кейс ұсынып, ұсынылған шешімдерді сараптамалық бағалауды қамтамасыз етті. Мұндай формат студенттерге алған білімдерін тәжірибеде қолдануға, сондай-ақ қаржы саласындағы технологиялық міндеттерді шешуде қолданылатын тәсілдер мен талаптармен танысуға мүмкіндік берді.
«Біз үшін Datathon – жас мамандардың деректер мен жасанды интеллект көмегімен нақты бизнес-міндеттерді қалай шешетінін көруге мүмкіндік беретін алаң. Жобалардың техникалық жағын ғана емес, ұсынылған шешімдердің қойылған міндетке қаншалықты сәйкес келетінін, тәжірибеде қолданылу және ауқымын кеңейту мүмкіндіктерін де бағалау маңызды болды. Мұндай жарыстар қатысушыларға нақты жұмыс жағдайына жақын ортада білімдерін сынауға, ал бизнеске жаңа идеялармен және әлеуеті жоғары мамандармен танысуға мүмкіндік береді», – деді ForteBank-тің Chief Data and AI Officer қызметін атқаратын Нұржан Смайлов.
Datathon’26 қорытындысы бойынша үздік алты команда анықталды:
NULL — бірінші орын
ENUshniki — екінші орын
Durumleye — үшінші орын
MAFA — төртінші орын
DREAMERS — бесінші орын
Overclocking — алтыншы орын
Datathon бастапқыда клуб мүшелері өз ынтасымен ұйымдастырған онлайн-жарыс ретінде басталды. Биыл тіркелген қатысушылар саны 1 200-ден асты. Біз өзіміз де мұндай ауқымға жеткенімізге әлі толық сене алмаймыз. NU Impact Foundation-ның бізді жыл сайын қолдап, идеямызға сеніп, оны кеңейтуге көмектесуі біз үшін өте маңызды.
ForteBank-ке де ерекше алғыс білдіреміз. Студенттік клуб үшін ірі банктің нақты міндетпен, өз деректерімен және қатысушылардың шешімдерін байыппен талдайтын сарапшыларымен келуі – керемет мүмкіндік. Мен өзім де хакатондарға қатысамын және шешіміңді салалық мамандар бағалаған кезде оның қаншалықты жігерлендіретінін жақсы білемін», – деді Data Science Club президенті Амина Байзак.
Datathon’26 студенттік қауымдастық, университет және бизнес арасындағы ынтымақтастық жас мамандар үшін нақты тәжірибелік мүмкіндіктер қалыптастыра алатынын көрсетті. Екі күн ішінде қатысушылар бизнес-міндетпен танысудан бастап, өз шешімдерін сарапшылар алдында таныстыруға дейінгі жолдан өтті. Бұл тәжірибе дәстүрлі оқу үдерісінің аясынан шығып, кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
NU Impact Foundation қолдауы студенттік бастаманы жүзеге асыруға қажетті жағдай жасауға көмектесті. Осындай іс-шаралар Data Science және жасанды интеллект салаларындағы жас мамандар қауымдастығын дамытуға, білім беру мен индустрия арасындағы байланысты нығайтуға және жаңа буынның технологиялық әлеуетін ашуға ықпал етеді.


