Nazarbayev University экожүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын NU Impact Foundation қоры Қазақстандағы ғылым мен экономиканы ұштастыру, инновацияларды өндіріске енгізу және оларды ауқымды түрде тарату бағытында белсенді жұмыс істейді. Жақында қорға саланың технологиялық деңгейін көтеру және экспорттық әлеуетін арттырумен айналысатын «TURAN» Қазақстан мал өсірушілер қауымдастығы өтініш білдірді. Ғылым мен нақты өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың маңызы зор екенін ескере отырып, NU Impact Foundation агроөнеркәсіптік кешен өкілдерінің, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің басын қосқан маңызды жұмыс кездесуін ұйымдастырды.
Кездесуге NU Impact Foundation басқарма төрағасы Саят Нюсупов, «TURAN» қауымдастығының басшысы Жәнібек Кенжебаев, Бразилияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марсель Фортуна Биато және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев қатысты. Жиын барысында биотехнологияларды агросекторға енгізу мәселелері, атап айтқанда, мал өнімділігін арттыру мен эмбриондармен жұмыс істеудің заманауи әдістері талқыланды.

Мал шаруашылығы бойынша әлемдік көшбасшы саналатын Бразилия тарапының қатысуы іс-шараға ерекше мән беріп, өзара тиімді практикалық шешімдер мен ынтымақтастыққа дайындықты айқындады. Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингінің бұл бастамаға атсалысуы жобалардың практикалық құндылығы мен мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігі жоғары екенін көрсетті. Агроиндустрия елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен өңірлік дамуына тікелей әсер ететіндіктен, NU Impact Foundation Nazarbayev University-дің ғылыми әлеуетін өндіріс қажеттіліктерімен байланыстыруды жалғастыра береді.

