Қазақстандық WeGlobal AI, Mirai Tech, Lumia және Moon AI стартаптары әлемдегі ең жабық әрі беделді акселераторлардың бірі — Stanford University жанындағы StartX бағдарламасының қатысушысы атанды. Олар бұл бағдарламаға StartX пен NU Impact Foundation экожүйесіне кіретін Astana Business Campus арасындағы Платиналық келісімнің арқасында өтті.
StartX әлемдегі ең іріктеуі қатаң акселераторлардың бірі саналады және тікелей инвестиция салмайды. Соған қарамастан, бұл бағдарламаға қатысу венчурлік нарық тарапынан сапаның мықты институционалдық белгісі ретінде бағаланады. Акселератор командалар мен технологияларға терең сараптама жүргізіп, ерте кезеңдегі инвесторлардың тәуекелдерін азайтады. StartX түлектері қатарында үш декакорн және 20-дан астам юникорн бар, ал компаниялардың жиынтық бағалауы 120 млрд АҚШ долларынан асады.
Astana Business Campus Басқарма төрағасы Бауыржан Жумагалиевтің айтуынша, биылғы батчта Қазақстаннан іріктелген жобалар саны бойынша рекорд тіркелді. Бұл стартаптарды даярлау сапасының айтарлықтай артқанын және ұлттық инновациялық экожүйенің дамып келе жатқанын көрсетеді.
«Осы батчта рекорд орнатылды — Қазақстаннан бірден төрт жоба іріктеуден өтті. Салыстыру үшін айтсақ, алдыңғы жылдары бір батчтан ең көбі үш стартап қана өтетін. Бұл көрсеткіш стартаптарды даярлау сапасының жүйелі түрде өскенін және олардың жаһандық деңгейде сенімді бәсекеге түсуге дайын екенін аңғартады. Қатысушылардың қатарында Mirai Tech deeptech-стартабының болуы да ерекше назар аудартады. Бұл жоба Nazarbayev University қабырғасында толық даму циклінен өтті: ABC Incubation бағдарламасынан бастап АҚШ нарығында ауқымдануға және Stanford жанындағы StartX-ке іріктелуге дейін», — деп атап өтті ол.
WeGlobal AI — мектеп оқушыларының психикалық денсаулығын дамытуға және кәсіби бағдарлануына бағытталған жасанды интеллект негізіндегі EdTech-платформа. Соңғы айларда бұл шешім 500 000-нан астам оқушыны қамтып, жүздеген мектепке енгізілді. Осылайша, ол оқушыларды, психологтарды және білім беру ұйымдарын бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіріп отыр.
«Үш айдың ішінде 500 000 қолданушыны қамту — тіпті жаһандық өлшеммен алғанда да product-market fit-тің сирек кездесетін өте мықты мысалы. StartX дәл осындай жобаларды таңдайды — тек идеясы бар емес, нақты traction-ы бар стартаптарды. WeGlobal AI осы талапқа толық сай келеді», — деді Astana Business Campus-тағы StartX бағыты бойынша сарапшы Гаухар Рысқұлова.
Mirai Tech — биомеханикаға арналған портативті AI-зертхана әзірлеген deeptech-стартап. Ақылды сенсорлы ұлтарақтар мен киілетін құрылғылар пациенттердің қалпына келу үдерісін нақты уақыт режимінде бақылап, жарақаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл шешім қазірдің өзінде спорт индустриясында қолданылып жатыр және халықаралық нарықтарда ауқымдану әлеуетіне ие. Сонымен қатар, Mirai Tech еуропалық футбол клубтарымен пилоттық жобаларды іске қосу жөнінде белсенді келіссөздер жүргізуде. Алдағы айларда компания Италия мен Нидерланд командаларымен бірқатар пилотты жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл оның Еуропа нарығына шығуындағы маңызды қадам болмақ.
Lumia — АҚШ-тағы үйде күтім жасау нарығына арналған AI-рекрутер, ол персоналды іріктеу үдерісін автоматтандырады. Ерте кезеңде болғанына қарамастан, стартап қазірдің өзінде алғашқы халықаралық нәтижелерін көрсетіп отыр: АҚШ-тағы пилот аясында платформа 250-ден астам түйіндемені өңдеп, 70-тен астам AI-сұхбат өткізіп, үміткерлердің short list-ін қалыптастырды. Соның нәтижесінде жұмыс беруші бірнеше апта емес, бірнеше күн ішінде вакансияны жапқан.
Қазіргі уақытта Lumia командасы АҚШ нарығында ауқымдануға назар аударып, home care және hospitality сияқты жаппай жалдау сегменттерінде жаңа пилоттарды іске қосу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Жобаның ұзақмерзімді мақсаты — дәстүрлі түйіндемелердің орнына «job auditions» форматын ұсынатын және компанияларға қызметкерлерді жылдамырақ әрі дәлірек табуға мүмкіндік беретін жаһандық платформаны құру.
Moon AI — шағын және орта бизнеске арналған, сатылымдар мен клиенттерге қолдау көрсетуді автоматтандыратын жаңа буындағы корпоративтік AI-агенттер платформасы. Бұл шешім CRM, ERP және компаниялардың ішкі жүйелерімен интеграцияланып, деректермен дәл әрі қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. AI-агенттер мессенджерлерден бастап веб-сайттарға дейінгі кең таралған коммуникация арналары арқылы жұмыс істеп, бизнеске операциялық шығындарды азайтуға және конверсияны арттыруға көмектеседі.
Классикалық модель бойынша StartX қатысушысы бола алатындар — тек Stanford University түлектері. Алайда StartX пен Astana Business Campus серіктестігінің арқасында қазақстандық стартаптар акселерацияға, халықаралық венчурлік қорларға, корпоративтік серіктестерге және Кремний алқабындағы жаһандық кәсіпкерлер қауымдастығына қол жеткізе алады.
Бүгінгі таңда осы бастама арқылы 15-тен астам қазақстандық стартап өткен. Бұған дейін бағдарламаға Cerebra, Defect AI, Arlan Biotech және басқа да жобалар қатысқан.
Astana Business Campus StartX-тің өңірлік серіктесі ретінде стартаптарға акселерацияға дайындық кезеңінде менторлық, талдамалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, Орталық Азия мен жаһандық технологиялық экожүйе арасындағы көпір қалыптастырып келеді.
NU Impact Foundation Nazarbayev University жанындағы инновациялар мен кәсіпкерлік экожүйесін дамытып, технологиялық стартаптарды қолдайды, халықаралық серіктестіктерді нығайтады және Қазақстанның жаһандық нарыққа интеграциялануына ықпал етеді.

