Бағдарламаға қатысу NU Impact Foundation экожүйесіне кіретін Astana Business Campus пен StartX арасындағы Платиналық келісімнің арқасында мүмкін болды.
Жаһандық венчурлық нарық үшін StartX-ке іріктелу — сапаның күшті институционалдық сигналы. Акселератор тікелей инвестиция салмаса да, командалар мен технологияларды терең сараптау арқылы ерте кезеңдегі қорлардың тәуекелдерін едәуір төмендететін әлемдегі ең қатаң сүзгілердің бірі саналады. StartX тарихында оның түлектері қатарынан 3 декакорн және 20-дан астам бірмүйізді компания шыққан, ал қатысушы компаниялардың жиынтық бағалануы $120 млрд-тан асты.
Стартаптар туралы
Defect AI медициналық жазбаларды автоматтандырылған түрде тексеруге арналған жасанды интеллект платформасын әзірлеуде. Бұл шешім клиникалардағы қателіктер санын және операциялық шығындарды азайтады — healthtech саласындағы ең капиталсыйымды сегменттердің бірі. Өнім жаһандық масштабтауға, соның ішінде АҚШ нарығына бағытталған. Биыл стартап Social Startup бағдарламасының жеңімпазы атанып, NU Impact Foundation тарапынан 10 млн теңгеге дейін грант иеленді.
Brain Patch consumer neurotech сегментінде жұмыс істейді және стресс деңгейін басқару мен қалпына келуге арналған коммерциялық wellness-құрылғыны әзірлеуде. Өнім орталық жүйке жүйесін ынталандыруды дыбыстық тректермен үйлестіріп, кезбе жүйкеге әсер ету арқылы пайдаланушыны тыныш күйге енгізеді. Бұл стресс гормондарының (кортизол, адреналин) деңгейін төмендетіп, дофамин мен серотониннің бөлінуін арттыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде өнімділік пен энергия деңгейі жоғарылайды.
TrustMe — цифрлық ортадағы сенімділікті арттыруға арналған инновациялық платформа. Ол SMS, мессенджерлер (WhatsApp, Telegram, eGov Mobile) және биометриялық верификация арқылы бірнеше секунд ішінде заңды күші бар келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді. Құжаттар шифрланып, блокчейнде сақталады, бұл оларды бұрмалау мүмкіндігін толығымен жояды.
StartX пен Astana Business Campus арасындағы бірегей серіктестік
Классикалық модель бойынша StartX-ке тек Stanford University түлектері қатыса алады. Алайда NU Impact Foundation экожүйесіне кіретін Astana Business Campus пен StartX арасындағы Платиналық келісімнің арқасында қазақстандық стартаптар беделді акселерацияға, халықаралық венчурлық қорларға, корпоративтік серіктестерге, ангел-инвесторларға және Стэнфорд түлектерінің жаһандық желісіне — әлемдегі ең мықты инновациялық экожүйелердің біріне — бірегей қол жеткізу мүмкіндігін алады.
Бүгінгі таңда осы серіктестік аясында 12 қазақстандық стартап StartX-ке қабылданды.
Бұған дейін дәл осы бастама шеңберінде Parqour, Aidentis және TrustExam.ai жобалары 240-тан астам өтінімнің ішінен іріктеуден сәтті өтті.
StartX-тің аймақтық серіктесі ретінде Astana Business Campus командасы стартаптарға менторлық, аналитикалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, әлемдегі ең бәсекеге қабілетті акселераторлардың бірінің талаптарына сай болуына көмектесті.

