Ұқсас жаңалықтар:

Қордың 2020 жылғы қызметінің қорытындысы

Көптеген адамдар мен компаниялар, бөлімшелер үшін 2020 жыл өзгеріске толы болды. Бұл жыл күтпеген жаңалықтар əкеліп қана қоймай, өзгерістерге орай өркендеуге негіз болған жаңа мүмкіндіктер ашты.

Əлеуметтік даму қорының да көкжиектері кеңи түсті. Бұл жылы біз студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту бағдарламаларына жəне қоғамдық бірлестіктерге қолдау көрсетуді, сапалы оқу үдерісін, академиялық жəне ғылыми қызметті қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасауды жалғастырып қана қоймай, əлеуметтік кəсіпкерлік пен əлеуметтік инновацияларды қолдау сияқты қызметтің жаңа бағытын аштық. Бүгінде біздің идеяларымыз Назарбаев Университеті қоғамдастықтарының жобалары арқылы қазақстандық қоғамның əлеуметтік пайдалы бастамалар ашуға мүдделі топтарына жол тартты.

Əлеуметтік бастамаларды қолдауға арналған #SDFGRANTS бағдарламасы іске қосылып, 150 өтінім қаралды. Қазіргі таңда Қордың қаржыландыруымен Назарбаев Университетінің құндылықтарына сəйкес келетін 9 əлеуметтік жоба іске асырыла басталды. Қаржыландырудың жалпы көлемі 31 млн. теңгеден асты. Бұл жобалардың қол жеткен табыстары туралы ағымдағы жылы еститін боласыздар. Бұдан бөлек 2021 жылдың жоспарына сəйкес, байқауға өтініш қабылдаудың екінші легі туралы хабарлайтын боламыз.

Еліміз үшін де, біз үшін де тағы бір маңызды бағыт коронавирус пандемиясымен күрес болды. 2020 жылы COVID-19-ға жəне оның зардаптарына қарсы күрес жүргізуге қомақты үлес қостық. Қор медицина қызметкерлерінің балаларына ноутбуктер, қорғаныс құралдарын алуға, сондай-ақ волонтер болып істеген медик-студенттердің еңбегін төлеуге қаржы бөлді.

Бұрынғы əлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастыра отырып, Қор өзінің назарын импакт-инвестициялауға аударуды, ал «Astana Business Campus» ЖШС еншілес ұйымы венчурлік қаржыландыру мен технологиялық жобаларды меңгеруді жоспарлап отыр. Осы орайда Қордың қолдауына ие болған кəсіпкерлік əлеуеті жоғары жобалардың болашақта АВС инвестицияларын алу мүмкіндігі бар. Іріктеу барысында қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі, барлық стейкхолдерлермен жақсы қарым-қатынаста болу, корпоративтік басқарудың озық тəжірибелерін алу сияқты ESG-дің жоғары көрсеткіштерін сақтап жүрген жобаларға басымдық беріледі.

Осылайша, Қор қоғамға ұзақ уақытқа дейін əсер етуге қабілетті əлеуметтік инновацияларды дамытуға үлес қосу арқылы халықтың басым бөлігіне пайда келтіруге бағытталған 2020 жылы басталған ізгілік жолын жалғастыра бермек.