Ұқсас жаңалықтар:

Онлайн-тьюторинг – мектеп оқушыларының білім деңгейін арттыру мүмкіндігі

Еріксіз қашықтан оқуға мəжбүр болған көптеген оқушылар материалды меңгеруде қиындықтарға тап болды. Бұл үлгерімдеріне де өз əсерін тигізді. Бұл мəселені терең түсінген NU Alumni түлектері тьюторинг жобасын іске қосамыз деп шешті. Оның мақсаты – пандемия кезінде мектеп оқушыларының білім деңгейіне қолдау көрсету, сондай-ақ олардың академиялық жəне шығармашылық құзыретін арттыру.

Бастаманы Əлеуметтік даму қоры қаржыландыратын «E-Tutor» жобалық кеңсесі жүзеге асыруда. Жобалық кеңсе командасы əлеуметтік білім жобаларын жасаумен жəне жүзеге асырумен айналысады.
Бұл жобаның тьюторлары мектеп оқушыларының білім деңгейін жақсартуды ғана емес, əлемдік білім кеңістігінде жастардың бəсекеге қабілеттілігін арттыруға да ықпал етуді жоспарлап отыр.

Жоба аясында еліміздегі жалпы білім беретін мектептер мен орта білім беретін басқа да ұйымдардың 5-11 сынып оқушыларына тегін академиялық қолдау көрсетіледі. Қазақ тілінде оқытуға басымдық беріледі.

Тьюторлар оқушылармен кеңес беру сессияларын жүйелі түрде өткізіп, білім алудағы ақтаңдақтардың орнын толтырып, мектеп бағдарламасындағы пəндер бойынша жаңа оқу материалын меңгеруге көмектеседі. Екі ай мерзімнің ішінде ата-аналар да, оқушылардың өздері де бағаларының айтарлықтай көтерілуі арқылы нəтижесін көрсетіп жатыр. Бұл ұйымдастырушыларды да жобаны əрі қарай дамытуға жəне аясын кеңейтуге ынталандыруда.

Қазіргі таңда тьюторингке Қазақстанның 8 қаласынан 51 оқушы мен 48 тьютор тартылған. Алайда оқытуды қолдауға деген сұраныс айрықша арта түсуде – оқушылардан 160-тан астам өтініш түскен. Бұл жобаға қосылғысы келетін тьюторларды қуана қабылдайды деген сөз.

Олардың қатарына қосылу үшін https://e-tutor.kz/anketa-tyutora/  сілтемесі бойынша сауалнама толтырып қалдыру қажет.