Ұқсас жаңалықтар:

Назарбаев Университетінің түлегі COVID-19 диагностикалауға арналған тест жасап шығарды

Назарбаев Университетінде PhD деңгейін қорғаған қазақстандық жасушалық биолог Болат Сұлтанқұлов коронавирусты 15 минуттың ішінде анықтайтын жедел тестілеу жүйесін жасап шығарды.

Ғалым идея туындаған сәттен бастап жобаны жүзеге асыруға нақты мүмкіндік алғанға дейін бірнеше ай уақытын жұмсады. Ойын жүзеге асыру Назарбаев Университетінің Бакалавриат пен магистратура студенттерінің ғылыми-зерттеу және инновациялық әлеуетін ынталандыру бағдарламасы (FRIP) аясында алынған гранттың арқасында мүмкін болды. Бағдарламаны Әлеуметтік даму қорының қолдауымен Жас ғалымдар альянсы (YRA) жүзеге асыруда. Болаттың жетістіктерін көрген Қор жобаға ықпал жасауды перспективалық инновациялық жобалар мен стартаптарға инвестиция құюмен айналысатын «Astana Business Campus» ЖШС арқылы жалғастыруға шешім қабылдады.

Ғылыми қоғамдастықтың қолдауы мен қаржыландыру әртүрлі елдердің ғалымдарымен байланыс орнатуға мүмкіндік берді. 2020 жылдың маусым айында Болат Швейцариядағы шетелдік серіктестерінен жаңа тестілеуге негіз болатын RBD коронавирус ақуызына қарсы тұратын наноденелер алып үлгерді.

Жасалған тестілеу жүйесінің бұрынғылардан айырмашылығы – вирустың антиденелерін емес, вирустың өзін анықтайды. Бұл жалған оң және жалған теріс нәтижелердің ықтималдығын айтарлықтай төмендетеді.

Тест коронавирусты тым кішкентай мөлшерде анықтауға қабілетті, яғни оны ауру жұқтырған алғашқы күннен бастап қолдануға болады деген сөз. Тестің тағы бір ерекше қасиеті – оны үй жағдайында өз бетімен қолдануға да болады. Жедел анықтау жолағы жүктілікті анықтау жолағының принципімен, тек түкірік сынамасының негізінде жұмыс істейді. Бұл халық үшін арзан және қолайлы болумен қатар, диагностикалық зертханалардың жүктемесін азайтады деп күтілуде.

«Мұндай тест жасауымның басты мақсаты – диагностиканы арзандату. Бұдан бөлек, қымбат тұратын құрал-жабдықтар мен мамандарды қажет етпейтін, сараптаманы үйден-ақ жасауға мүмкіндік беретін тестілеу жүйесін жасап шығарғым келді», – дейді жоба авторы.