2020 жылдың наурызынан бастап Астана медицина университетінің 52 студенті Нұр-Сұлтан қаласының №3 көпбейінді қалалық ауруханасында, әуежайда және туберкулезге қарсы диспансерде ерікті негізде СOVID-19 пандемиясына қарсы күресте медицина қызметкерлеріне көмек көрсетуде. Болашақ медиктер тұрақты түрде термометрияға, артериалды қан қысымына және пациенттердің көңіл-күйіне мониторинг жүргізеді, науқастарға тамақ жеткізеді, сондай-ақ күнделікті медициналық құжаттамаларды жүргізуге көмектеседі.
Медицина университетінің волонтер студенттері «қауіптілігі орташа» топтың құрамында нақты эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылғанмен, олар мемлекеттен қаржылық төлемдер төленетін медицина қызметкерлерінің қатарына жатпайды.
Астана медицина университетінің ректоры Дайнюс Павалькистің өтініші бойынша Әлеуметтік даму қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирус инфекциясына қарсы күреске тартылған волонтер студенттерге ай сайын қайырымдылық көмек көрсетуге шешім қабылдады. Студенттер ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия бекіткен мерзімдер мен мөлшерде қауіптілігі орташа тобына арналған төлемдерді алатын болды.
«Олар өздерінің бастамасымен күндіз-түні, демалыс көрместен халықтың денсаулығын сақтап қалу жолында жұмыс істеуде, студенттерімізді ынталандырғаны үшін Әлеуметтік даму қорына алғысымыз шексіз, – дейді «Астана медицина университеті» КЕАҚ бапасөз орталығының жетекшісі Динара Қожахметова.