Ұқсас жаңалықтар:

Аслан Сəрінжіпов: Назарбаев Университетінің басымдығы – академиялық еркіндік

Назарбаев қоры жəне Əлеуметтік даму қоры Басқармасының Төрағасы, Назарбаев Университеті Білім беру мектебінің қауымдастырылған профессоры Аслан Сəрінжіпов NU Way подкастына қонақ болып келді. Жобаны Назарбаев Университеті түлектерінің NU Alumni қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Сұхбат барысында мəртебелі мейман өзінің дипломатия саласынан білім беру жүйесіне дейінгі кəсіби жолы, сондай-ақ Назарбаев Университетінің құрылуы, даму кезеңдері, оның басымдықтары мен алға қойған мақсат-міндеттері туралы əңгімеледі.

Аслан Бəкенұлының айтуынша, университеттің жетістігі оның ғаламдық көзқарасынан бастау алды. Қазақстанның дамуы үшін ғалымдардың, бизнесмендердің, басшылардың жауа буыны қажет екенін барлығы да түсінді. NU осындай басымдықтарының бірі заңнамалық деңгейде қамтамасыз етілген академиялық еркіндік болды. Оны еліміздің өзге де жоғары оқу орындарынан ерекшелеп тұрған да дəл осы қасиеті еді. Бұл сол кезеңде ТМД кеңістігінде ерекше дүмпу туғызған шешім болды. Көп жағдайда ол Университеттің ішінде инновациялық экожүйені құруға мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін эндаумент қордын құру қажеттігі туындады. Бұл халықаралық зерттеу университетіне қойылатын маңызды талаптардың бірі болатын. Эндаумент қордың болуы мемлекеттік қаржыландырудың үлесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді, өйткені қор əрі қарай жекеменшік қаржыларды (демеушілердің, бизнесмендердің жəне түлектердің демеушілік көмектері) бір жерге жинақтауды жоспарлауда. Аслан Бəкенұлы алдағы 10 жылдың ішінде NU мемлекеттік қаржыландырдың басым бөлігін эндаумент қордың қаржысы алмастырады деген болжамды пікірін білдірді.

Подкаст қонағының айтуынша, университеттің даму барысында оны жетістікке жеткізетін басты критерийлері анықталып қойылған: шетелдік оқытушылардың өз қызметін осы жерде атқаруы, студенттердің қызығушылығы, түлектердің жұмысқа сəтті орналасуы жəне олардың əрі қарай əлемдегі үздік оқу орындарына оқуға түсуі. Бүгінде университет құру жəне даму жолдарынан сəтті өтіп, жаңа дəуірге — ғылым мен өндірістің өзара байланысын инновациялар мен технологиялық жобаларды венчурлы қаржыландыру арқылы дамытуға аяқ басты.

«Назарбаев Университеті табысқа жету жəне өмір бойы оқу мүмкіндігі болу үшін сіздердің (студенттердің) бойларыңызға өзіңе сұрақ қою, пайдалы нəрсені тауып, соны жүзеге асыру, командада жұмыс істеу жəне қарым-қатынасты қалыптастыра білу дағдыларын сіңіреді», — деді Қор басшысы жоғары оқу орнындағы білім беру жүйесі мен оның түлектерінің болашағы туралы сөзінде. Оның айтуынша, Назарбаев Университеті қызметкерлері мен түлектері білім жүйесіне де, елімізге де тиісті жүйелік пайдасын тигізетін кезеңге келіп жетті.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтеме бойынша көре аласыздар:

youtube.com