Циркулярлы ара, автокөлік тұншықтырғышы, қысқа толқынды пеш – осы өнертабыстардың барлығын да əйелдер ойлап тапқан. Бұл мысалдар нəзік жыныстылардың да табысты инженер бола алатындығының жарқын дəлелі.
Алайда ЮНЕСКО-ның мəліметтеріне сəйкес, инженер мамандығын игерген əйелдердің үлес салмағы 20%-дан аспайды.
«Women in Engineering» жобасы қалыптасып қалған үрдіске түбегейлі бетбұрыс енгізуге ниетті. #SDFGRANTS2020 əлеуметтік жобалар байқауына қатысқан «NU Women in Engineering» студенттік клубы Қордың қолдауына ие болды. Оның мүшелері STEM-саласының мамандықтары мен оларды игеру үшін қыздарға берілген мүмкіндіктер туралы түрлі іс-шаралар өткізеді.
Қазіргі таңда жүйелі түрде əрекет етуді шешкен жоба бастамашылары Атырау жəне Нұр-Сұлтан қалаларында жоғары сыныптың қыздарына арнап білім беру курстарын ұйымдастыруда. Олар бойжеткендерге Назарбаев Университетінде оқытылатын инженерлік сала мамандықтары туралы əңгімелейді. Дəрістер үш тақырып бойынша өткізіледі: инженерлікке кіріспе, машина жасау жəне азаматтық құрылыс. Жобаның арқасында ондаған оқушы қыздар студент-инженер болудың қыр-сырын, жүктелетін міндеттер мен теориялық жəне тəжірибелік білімнің негізінде инженерлерге қойылатын талаптар жөнінде білетін болады. Курстарда дəріс оқылып қана қоймай, жобаға қатысушы қыздарға өз күштерін тəжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік беретін бірқатар тапсырмалар беріледі.
Жоба мектеп бітіруші қыздарға қалаған мамандығына нақты таңдау жасауға жəне инженерлік сала туралы түсінік беруге, сондай-ақ Назарбаев Университеті және басқа да жоғары оқу орындарының инженерлік мамандықтарына оқуға түсетін талапкер қыздардың санын арттыруға бағытталған.Жүзеге асырылып жатқан жобаның моделі əрі қарай Қазақстанның басқа қалаларына да таратылады деп жоспарлануда.Жаңалықтарға жазылу